СӘЛ ҚОШТАСПАЙ ТҰРАЙЫҚШЫ, ҚЫМБАТТЫМ! Сенің жаның неткен шемен шерлі еді, Серт еткенсің бірақ оны ашпауға. Екеумізді бөліп тұрған пердені, Күш жетпейді мүлде жұлып тастауға. Айтқың келер. Айтқым келер. Үнсіздік... Үнсіз халде түсініскен сәт ғажап. Жақсыларды жаратпайды мұңсыз ғып, Біздер үшін бұл әрине, тәтті азап. Торығамыз тәтті азаптың төрінде, Ортақ -үміт, Жұмбақ- сезім, Жеке- дау. Шын бақытты болу үшін өмірде, Шын сүю де жеткіліксіз екен-ау! Күйіп тындық, қалған жандай өртеңде, Өзгертуге болар еді, ар- қайғы. Тағдырымыз іліп қойған Ол перде, Түрілмейді, тозбайды хәм жанбайды. Болды бітті! Осы бір сөз тым ауыр, Ауыр сөзден басқа айтар да қалмады. Сан мың рет ойлан, жалын, жыла, күл, Тағдыр айтса, демек солай болғаны. Бәрін қойып, бәрін сырып қайғының, Құшағыма қысып тұрып сүйер ме ем?! Салмағынан сескенемін әй, мұның, (Сескенемін және өзімнің Иемнен!) Болды айтпаймын ол заңдардың тылсымын, Адасқасынның ақталғаны ұят-ты... ...Жүрегімнің жеткізуге шын сырын, Қара өлең де қауқарсыздау сияқты. Бір айтарым- кереметсің мен үшін, Сен үшін Мен бірімін көп ақынның. Осы сәтсіз сезімдегі жеңісім- Өлеңді емес Мені сүйдің, Ақылдым!!! Бұйрық бергім келер саған патшадай, Кереметін сезіп Сендей бір бақтың. Екеуміз де қалаймыз ғой тап солай, Сәл қоштаспай тұрайықшы қымбаттым!... Т.ТҰРЫСБЕКОВ

Теги:

Теги других блогов: